Skip to main content
Отырар ауданының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі
  • Бізге қоңырау шалыңыз
  • +77712480093
  • Біздің мекенжай
  • Түркістан облысы, Отырар ауданы, Шәуілдір ауылы, Нұртас Оңдасынов 2
30 Наурыз 2026

«ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚ – ЕЛ ҚАЗЫНАСЫ»

📚Бүгін Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні аясында, Отырар кітапханасының ұйымдастыруымен ҚР Мәдениет саласының үздігі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Халықаралық «ТURAN» көркемөнер сыйлығының лауреаты, суретші, ақын, Отырар ауданының Құрметті азаматы Мәлік Әділхан Табылханұлымен кездесу кеші болып өтті.

📚Арнайы жасақталған кітап көрмесі мен кеш кейіпкерінің туындыларын таныстырудан бастау алған бұл кеште аудан әкімінің орынбасары Айдос Құлмаханов көпшілікті айтулы мерекемен құттықтап, егіз өнерді қатар алып жүрген Әділхан Табылханұлына ізгі тілегін білдірсе, кеш қонақтары Әділхан ағамыздың өнері жайлы әсерлі сөз қозғап, шығармашылық шабыт тіледі.

Сахна төріне шығып, елге сәлем берген өнер иесі өзінің «Тамшы» кітабынан өлең оқып, суретшілік өнердің қыр-сыры туралы әңгімелей келе, Мысыр елінен Әбу Нәсір әл-Фарабидің музыкалық аспаптарының көшірмесін елге жеткізгені туралы айтып өтті.

📚Кеш барысында ұлттық киімдер шеруі ұсынылып, мәдениет сарайының өнерпаздары әсем әндерін тарту етті. Сонымен қатар Қырғызстанда өткен «Қос қанат» халықаралық домбыра байқауында Супер Гран Приді жеңіп алған жеңімпаз, жас күйші - Әділхан ағамыздың немересі Ханәли Әділхан сахна төрінде күй орындап, көпшіліктің құрметіне бөленді.

📚Кешті қорытындылаған аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Сағынтай Құттыбай Әділхан ағамыздың өнері мен азаматтығы жайлы айта келе, осы тағылымы мол кездесу кеші өнерге деген қызығушылықты арттырып, жас ұрпаққа шабыт береді деген сенімін жеткізді.